Жаман әдетті күреспей жеңу әдісі

Адамның ерік жігерін мықтап басқару оңай тірлік емес. Тіпті, ғұлама Абай хәкім айтқандай:

Бойдағы мінді санасам,

Тау тасынан аз емес.

Жүрегімді байқасам,

Инедейін таза емес.

Аршып алып тастауға,

Апандағы саз емес.

Бәрі болды өзімнен,

Тәңірім салған наз емес… деп, бойдағы қалыптасқан мінезді бірден түзетіп, апандағы саздай аршып, алып тастауға келе қоймайтынын өлең жолында мысал ретінде келтіріп кетті.

Адамның миындағы триллионнан аса нейрон жасушаларымен біте қайнасқан жаман әдеттен, әсіресе, егде жастағы адамның құтылуы өте-мөте қиын. Жеті атаңыздан қанмен бірге болмысыңызға сіңіп келе жатқан әдет мен мінезді өзгерту оңай шаруа емес. Алайда, оны жақсы жаққа өзгертудің соңы өміріңізге алапат жақсы күш, жаңалық алып келеді. Есіңізде болсын, өміріңіз мінез-құлыққа байланысты. Ал ерік-жегері мықты адам, әлбетте,  ол бақытты адам.   Себебі өзін өзі басқара алатын адам артық ашуға түспейді, денсаулығы да мықты болады, табысты да табады, жан-жағына қуаныш сыйлады, білімі де мықты, тұрмыс- күйі де керемет болмақ.

Өмірде белгілі бір нәтижеге жету үшін өзіне уәде беріп, елге ант су ішіп, алайда, қайта баяғы кейпінен шыға алмайтын жандар көп. Оған дәлел американдық психолог ғалым Джеймс Эрскин “неге адам жаратылысы қалағанына қарсы әрекет етеді” деген сұрақты зерттеп, эксперимент жасайды. Эксперименті арықтаймын дейтін бірақ тәтті кәмпит жақсы көретін әйелдерді жинайды. Олардың алдына  20 тәтті қояды. Оларға алғашқы 25 минут бойы ойларыңызға не келеді соны дауыстап айтып отырыңыздар дейді. Сонда алғашқы тәтті жайлы ойламаңыз деген бірінші топтағы әйелдер тәтті жайлы 52  рет айтып, ойынан шыға алмағанын жеткізген. Ал екінші топқа тәтті жайлы ойлауға рұқсат бергендіктен олар керісінше, тәттіні 5 рет қана айтты. Міне, бұл жердегі мәселе айтылған уәдені ойлап, не үшін жемеу керектігін саналы түрде түсінген жандар тәттіні жемеген. Сонда ерік-жегірді сол сәттегі күйде өзіңді сезініп, ақылмен шешіп қабылдап, салдары не болатынын түсіне алатын адамдар басқара алады. Мақсатты еске алып, ойды қабылдап, шешім шығара білу керек. Осыны істеген адам тәттіні де жемей, өз миын басқара алатын болады.

Көп жағдайда жаман әдеттен құтылудың әдісі “істемеймінді істеймінге” айналдыру техникасы. Мәселен, ашуды басу үшін темекі шегудің орнына, темекіні жеміске ауыстырыңыз. Немесе кофенің орнына су немесе шәй ішіп алмастыру керек. Тағы бір қарапайым мысал, көгілдір жәшіктегі алдамшы реалити шоуды көргенше, ол уақытқа тамақ істеп үйреніңіз. Үйде жатып кино тамашалағанша, шет тілін меңгеруге ниет қойыңыз.

Істемеймін дегенді бумеранг сияқты істей бересіз. Сондықтан миға сигнал бергенде, жаман әдеттің атын қайта-қайта айтып, одан қашудың жолын іздестіргенше, ол сөзді пайдалы атаумен алмастырып, жасаған дұрыс. Дәлірек айтқанда, “жұмыстан енді кешікпеймін” деп емес, “жұмысқа бірінші келемін” деп айтқан оңтайлы. “Қарыздан құтыламын” деудің орнына “ақшам көп”, “ауырмаймын” деп емес, “денсаулығым сау, бәрі керемет” деген позитивті сөзбен сөйлеп, жақсылықты шақыру керек.

Қорыта айтқанда, кез келген өміріңіздегі, ойыңыздағы проблемадан қашпай, оны қабылдап, қарама қарсы келіп, саналы түрде түсініп, оның зияндылығын көріп, миыңызбен қарсы реакция беріп, жаман әдеттен арылудың шынайы жолын іздеген абзал. «Қайда барсаң қорқыттың көрі» демекші, бойдағы мәселеден қашпай, оның қате екенін түсіне отырып, арылуды ойластырған адам ерік-жігерін басқара алады. Жаман әдетті күреспей жеңу әдісінің бір құпиясы осы.

Ахметбек Нұрсиланың дәрісінен алынды

Коммент қосу

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *