Мақсат Сералы: Байлықтың көзі кәсіпте

Экономист-сарапшы, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлік
палатасының маркетолыгы Мақсат Сералының кеңестері бүгінде кәсіп бастаушы жандарға өте қажет ақпарат. Сұхбат барысында экономист-сарапшы Отандық
кәсіпті қалай бастау қажеттігі мен шағын және орта
бизнесті дамыту жолдары жайлы маңызды мағұлматтарымен бөлісетін болады.

– Мақсат мырза, ең алдымен, өзекті сұрақтан бастасақ. Қазақстан нарықта ЖІӨ-нің тек 12% ғана қамтамасыз етіп, қалған 90% импорттық тауарлар құрайды. Отандық кәсіпті қанша уақытта және қалай ұтымды пайдалана білсек жоғарыда аталған көрсеткіштің орнын алмастыра аламыз?

 – Өкінішке орай Қазақстан Тәуелсіздік алғалы бері нарықтағы жеткен 12% көрсеткіші әлде де болса төмен. Себебі ол тікелей еліміздің экономикалық қауіпсіздігіне жойқын әсерін тигізеді. Мемлекет толыққанды өз-өзін қамтамасыз ете алмайынша, эконо микалық тәуелсіздікке жете алмайды. Елімізде ауыл шаруашылығы, шикізат өнімдері, фармацевтика сияқты түрлі салалардың өзін-өзі қамтамасыз ету нарық көрсеткіші әртүрлі. Мәселен, фармацевтика 15%, жақсы дамыған салада 30%-ға жетеді. Бірақ толыққанды жеке өз саласын қамтамасыз етіп тұрған сала жоқтың қасы. Сондықтан ең негізгі фактор ретінде  шағын және орта бизнесті дамытуға арналған Елбасымыз ұсынып жатқан мемлекеттік бағдарламаның мақсаты зор. Яғни, ішкі нарықты көтеруге, кез келген саладағы сұранысты толықтай қамтамасыз ететін дербес ел құрау. Осы уақытқа дейін біз ірі секторларға көңіл бөліп келдік. Алайда, шикізаттық сектор күнделікті халық тұтынатын, сұранысы кең көлемде таралмаған тауар болғандықтан экономикалық қауіпсіздікті қалыптастырмады. Сондықтан бұл көрсеткішті көтеру үшін халық әлеуеті жоғарылайтын шағын және орта бизнесті дамыту көздеріне көңіл бөлінуде. Сондай-ақ, Елбасымыздың нақты тапсырмасы бойынша 2020-2030 жылға дейін жалпы ішкі өнім көлемін 30%-дан 50%-ға дейін арттыру жоспарға қойылған. Осы жоба бойынша қаншалықты кәсіпкерлер сапалы, сұранысы жоғары және экспортқа шығаруға мүмкіндігі мол өнім өндіре алса, соншалықты экономикалық даму жылдамдайды. Әлемдік нарықта сұранысы жоғары еліміздегі ауыл шаруашылығы өнімдері соңғы 5-10 жыл аралығында жаңа деңгейге көтерілу керек. Себебі ешқандай химиялық қоспасыз өсірілетін дақылдар, жемістер, мал еттері әлем саудасында бәсекеге қабілетті. Демек, әлем елдерінен біздің өнімдерге сұраныс бар. Олай болса, бізге сұранысты қанағаттандыра алатындай өнім шығара білу керек. Егер сол өнімді тұрақты шығарып, Елбасы туралап берген жоба бойынша жұмыс  істесек, алдағы 10 жылда экономикалық дамудың жаңа белесін бағындыраып, ЖІӨ-нің 30%-дан астам көрсеткішіне жетеміз.

– Шағын және орта кәсіптің қай саласы елімізде қарқынды дамыған және айтарлықтай дамытқан кәсіпкерлер кім?

– Қазақстанда нарық бос. Яғни барлық саланы қалауымызша дамытуға болады. Елімізде қайсыбір сала болмасын нарық дамуының кемеліне жетті деген өндіріс немесе қызмет түрі жоқ. Тіпті кәсіпкерлікті дамытушы кәсіпкерлер саны да аз. Дегенмен, алашқа аты танылып, бизнестің дамуына жол ашып жүрген санаулы азаматтар бар. Мейрамхана кәсібінде өте үлгілі жұмыс нәтижесін көрсетіп, мемлекеттік телеарналарда жобалар бастап, халықты жұмыспен қамтамасыз етіп жүрген Қуаныш Жонбай, «Bi Group» компаниясының басшысы Айдын Жұмаділұлын ерекше атап өткім келеді. Кәсіпкерлікті дамытуға үлес қосушы тұлғалар санының аздығы бәсекелестіктің төмендігі, еліміз де монополия болғандығы. Ал бізге бәсекелестіктің олигополия түрі қажет. Яғни, нарықта кем дегенде 4-5 компания жарыса жұмыс істесе, үздік менеджерлер, үздік кәсіпкерлер шыға бастайды. Бүгінгі таңда шет елден білімін арттырып келіп жатқан жастар мемлекет тарапынан қолдау көрсетілетін жобалар негізінде жаңа кәсіп түрін ойлап тауып, іс жүзіне асырса, кәсіпкерлікті дамытушы кәсіпкер тұлғалар қатарын толықтыратыны сөзсіз.

– Жастарды кәсіпкерлікке үйрету мүмкіндіктері қай уақыттан бастап қолға алынды және атқарылып жатқан жұмыс барысына тоқталсаңыз?

 – Кәсіпкерлікті қолдау қызметін атқаратын «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы арнайы орталық ашқан болатын. Алматының өзінде 3 орталық бар. Мұнда кез келген кәсіпкер немесе кәсіп ашуға ынтасы бар азамат 8 бағытта қажетті қызмет түрін ала алады. Мысалы, бизнес жоба жасау, жылдық есептеу, сайтты іске қосу, құжаттарды құру сынды түрлі жұмыстарды жасап, кәсіпкерге үлкен көмек көрсетеді. Енді кәсіпкерлікке оқыту бағытын қарайтын болсақ, тегін кәсіпкерлікке үйрету аясында көкейіңізде жүрген барлық сұрақтың жауабын жеткізетін «Бизнес кеңесші», «Бизнес бастау» бағдарламалары бар. Мұнда соңғы 3 жылда 10 000 кәсіпкер тегін білім алған. Бұдан байқайтынымыз жыл сайын тегін оқу курсын өткеріп, біліктілігін арттыруға ниет білдірген жандардың саны жыл сайын еселеніп келеді. 2016 жылы 8 000 кәсіпкер бізден қызмет түрін пайдаланған. Мұның өзі жоғары көрсеткіш. Сонымен қатар жас кәсіпкерлерді қолдап, мемлекет тарапынан жағдай жасалған «Sturtup», «Даму» қорымен бірлескен және Алматы қаласы әкімшілігі жыл сайын ұйымдастыратын гранттық жобалар бар. Бұл жобаларға бастауыш кәсіпкер ұсынған инновациялық жобасы жарамды, сапалы болса, бөлінген қаржы немесе грантты жеңіп алуға мүмкіндігі жетеді. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығын дамыту негізінде құрылған «КазАгроФинанс», АҚ «Казагромаркетинг» ұйымдарын ның өзі сала дамуына қосып жатқан үлесі зор. Дейтұрғанмен, бізде үлкен мәселе бар. Бүгінгінің кәсіпкерлері осы ақпараттарды жетік білмейді. Тек күнделікті ертеден қара кешке дейін алып сатумен айналысады. Бұл дұрыс емес. Менің ойымша, әрбір кәсіпкер жұмысының қыр-сырын, жаңалығын, мемлекет тарапынан беріліп жатқан көмекті және қоғамдағы үдерістен хабардар болып, оны қолдана білуі керек.

 –Бүгінгі таңда жастардың кәсіпкерлікке қызығушылығы қандай деңгейде?

– Өте жоғары. Оған бірнеше себеп бар. Жалпы байлықтың көзі кәсіпте. Бүгінде бәрі кәсіппен айналысқысы келеді. Ал осыдан 5-10 жыл бұрын барлық жастар әкім, прокурор болғысы келетін еді. Қазір бұған қоғамдағы жастардың көзқарасы мүлде басқаша. Бүгінгінің жастары кәсіпкер болғысы келеді. Себебі кәсіпкерлікпен айналысу жеке тұлғаның қаржылық ретін толық қанағаттандыруға мүмкіншілік беретін, ешкімге тәуелсіз, табысы тікелей өз қалтасына түсетін, іскерлік қарым-қатынас жүргізе алатын және жақсы өмір сүретін азамат болуына септігін тигізеді. Яғни, бір сөзбен айтқанда кәсіпкерлікті жүргізу жастар арасында трендке айналды. Бұл өте орынды әрі жақсы көрсеткіш. Шындығында кәсіпті кез келген адам істей алады. Күрделі өндірістік технологияны білмесе де, алып сату немесе өз ісінің шебері болған жан белгілі бір деңгейде бұл қызметте жетістікке жетеді.

– Жастарға тегін кәсіби бағытта кәсіпкерлікті үйрететін дәрістер көп деп сөз арасында айтып кеттіңіз. Әлеуметтік желіде қаптаған кәсіпкерлікке үйрету треннингтері мен парақшалар соңғы кезде жиілеп кетті. Осындай саны көп ақпарат беруші жобалар жағдайы сын көтереді ме?

– Ескере кететін дүние қазақ тілді дәрісханаларда бизнеске үйретіп, кәсіптің қайнар көзін көрсететін, жанжақты ақпарат беруші тренерлер аз. Сұранысы жоғары нарықта бұл мектептер қолынан келетін өз ұсыныстарын ұсынып жатыр. Бұл жобалардың қоғамға еш зияны жоқ. Қайта ізденушілер қаржы сауаттылығы, құқық, экономикадан ақпарат алады. Мұндай курстар біздің қоғамға әліде керек. Бәсекелестік нарық сыйымдылығында жоғары емес. Қайта әлемдік дағдарыс кезеңінде мұндай тегін дәрістердің берері, халыққа көмегі көп.

– Кәсіпкерлікке үйрететін тегін курстар қала деңгейінде ғана. Яғни, ауыл жастарына жетіп үлгерген жоқ. Сондықтан еліміздің әр аймағында орналасқан ауыл жастарына кәсіптік білімді үйрету үшін мектеп бағдарламасына пән ретінде енгізу қажет пе?

– Қажет деп санаймын. Себебі мектеп жасындағы бала біздің болашағымыз және келешектегі білдей бір мамандық иесі. Экономикалық білімді мектеп жасынан түсініп, ақша үнемдеу, қаржы сауаттылығы жайлы білім мен көңіл көкжиегі кеңейеді. Сүйтіп ЖОО-на түскеннен кейін теориялық білімді тәжірибеге айналдыра алады. Бұл туралы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жоғары басшылыққа ұсынысты жасады. Мектеп бағдарламасында бұл ұсынысты енгізу жайлы мәселелер қаралып жатыр. Бұл туралы ақпарат болашақта жарияланады. Сондай-ақ, қоғамдық бірлестіктер ауыл жастарына, өңірлерге арнайы, тегін дәріс оқып, қолдан келгенше мүмкіндік жасауда. Бұл тенденция алдағы уақытта да жалғаса береді.

– Қазақ кәсіпкерлерінің кемшілігі?

Қазақ кәсіпкерлерінің кемшілігі бизнес әлеміне кеш аяқ басты. Олар белгілі бір деңгейде кәсіпкерлікпен айналысып жүр. Бірақ, толыққанды қанатын жайған жоқ. Кәсіп бастау барысында үлкен күш салып жұмыс істеп жатқан жандар саусақпен санарлық қана. Кәсіп бастар тұста халық санын, тұтыну аймағын, тауарды тарату жолын кәсіпкер есептеуі шарт. Біздің ел әлем бойынша жер көлемі жағынан 9-орын алады. Елімізде шығарылған өнімді шашыраңқы орналасқан әр аймақтағы халыққа таратудың өзі қыруар қаржыны талап етеді. Мәселен, Ал маты қаласында шығарылған өнімді Семейге тасымалдау барысында жол көлігі шығыны өнімнің өзіндік құнына әсер етіп, одан баға көтеріледі де, нәтижесінде тауар бағасынан қымбаттап кетеді. Осындай мәселелер қазақ кәсібінің дамуын тежеп тұр. Дегенмен, бұл кемшіл тұстар болашақта шешімін табады деп сенемін.

– Соңғы әрі қызықты сұрақ. Қазақстандағы дамушы кәсіпті адам бейнесі ретінде қалай елестетесіз?

– Бүгінгі таңдағы қазақ бизенесінің бейнесін бастауыш сыныптың бітірген оқушы ретінде елестетемін (күлді). 7-сынып оқитын, өтпелі кезеңді басынан кешіріп жүрген, екі ойлы, болашақта кім болатынын шешпеген, біресе оқуын ойлап, кейде махаббатқа көңіл бөліп кететін бала сияқты. Шамамен 5 жылдың көлемінде меткеп бітіретін жасқа жететін жігіт болады. Яғни, 5 жылдан соң тұрақты даму жолына түскен, өзін қамтамасыз ете алатын, қуатты кәсіпкерлікке қол жеткізе алатын азамат болады деп үміттемін.

– Сұхбатыңызға рақмет!

Жанерке Серикова

Коммент қосу

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *