Бизнес кітаптар бестігі

Жаһанданған заманның жастары жаңалыққа құмар, жылдам жетістікке жетудің жолдарын зерттеп, білімін көтеруге ұмтылады. Әсіресе, жігерді көтеріп, жаңа толқыныс сыйлайтын, кәсіби бағытта кеңес алатын мотивациялық кітаптарды оқу жастар арасында трендке айналды. Қолдан қолға түспей, әлем елдері сұранысына ие бизнес бастамалары мен баюдың бағыттары жайлы сыр бөлісетін кітаптар тізімін ұсынамыз.

1. Ли Якокка «Менеджердің мансабы» (Карьера менеджера) автобиографиялы кітабы.

Аталмыш кітап алпауыт әлемге танымал «Ford» компаниясының тарихымен, дамуымен және қалыптасуымен тығыз байланысты. Аты аталғандай оқулықтың басты кейіпкері Ли Якокка ең табысты менеджерлердің санатында. Бұл бизнес кітапта оқу арқылы білікті менеджер болуға талпыну, оған қол жеткізу, жеңіске жетудің жолы жайлы айқын жазылған. «Мейд ин Америка», «Форд компаниясында», «Крайслер» және «Тазалықта сөйлесу» атты 4 бөлімнен тұратын кітап компания жетістігі, бизнестегі қателік, жетістікке жетудегі қарбалас өмірі баяндалған. Оқырман бұл кітаптан Ли Якокка өмірінен үлкен сабақ алып, бизнес әлемімен таныса алады.

2. Билл Гейтс «Ой жылдамдығына сәйкес бизнес» (Бизнес со скоростью мысли). Бұл кітап тек теориялық шындықпен ғана емес, тәжірибе жүзінде жазылған жаңа ғасыр кітабы. Мұнда Билл Гейтс ақпараттық технологияларды бизнес саласында дұрыс қолдануға нұсқаулық бере отырып, Microsoft компаниясын басқару барысында туындаған қиындықтарды мысалға алады. Әлеуметтік желі мен компьютер арқасында жылдам баюдың жолы шығарма желісіне арқау.

3. Брайан трейси «Мақсатқа жету» (ДОСТИЖЕНИЕ ЦЕЛИ). «Мақсатсыз адам – алысқа бармас» мақалы бұл кітаптың мазмұнын толықтай баяндап тұр. Автор кез келген салада жоспарлы және нақты мақсат болмаса, адамзаттың бұл өмірде діттегені орындалмайтынын жеткізген. Мақсат адам мінезін өзгертіп, хал-ақуалын көтеріп, өз өмірін басқаруға көмектесетін бірден бір құрал екендігіне баса назар аударған. 12 бөлімнен тұратын кітап бизнес жолындағы маңызды жоспар мен мұқалмас мақсатты қалай қою керектігін үйретеді.

4. Гай Кавасаки «Стартап». Бұл кітап «Apple» компаниясының Гая Кавасакимен компьютер және телефон өндіретін компанияны құруы, кәсіпкердің жаңа өнімді дайындап, сауда айналымына шығарудағы қиындығы, алғашқы деңгейден халықаралық сатыға жетуі мен онда атқаратын жұмыстар жайлы айтылады. Сондай-ақ, бизнесте импровизацияға жол бермеу, бәрін жоспарлы түрде іске асыру, қаржы сауаттылығы жайлы мәліметтерді меңгересіз.

5. Чанг Ха-Джун «Экономика қалай жасақталған?» (Как устроена экономика) Корея елінің экономисті Чанг Ха-Джун экономика құрылымы мен жасақталуы жайлы кең көлемде түсінік берген. Кітап – замануи бағытта жазылған. Автор экономика жайлы халық арасында қалыптасқан жалған ойларды жоққа шығаруға көмектеседі.

Мұндай кеңесші кітаптар бизнеске қызығушылықты арттырып, кәсіпкердің өз саласына әлемдік көзқараспен қарауға, батыстан қажетті дүниені үйренуге, тәжірибеге ұштастыруына әсер етеді. Кәсіпті нәсіп еткісі келген азамат XXI ғасырдың білімді кәсіпкері болғысы келсе, бұл аталған кітаптарды оқып шыққаны абзал. Артықтық етпейді. Қайта қазақ кәсібін жаңаша дамытып, қажетіне жаратары сөзсіз.

Коммент қосу

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *