Алмас Мұстафа: «Бес жасымда қолөнерді қолға алған қазақпын»

Суретші, этнодизайнер, қолөнерші шебер, ұлттық саз аспап жасаушы, зергер және кәсіпкер Мұстафа Алмас Серікұлы бүгінде қазақтың ұлттық аспаптарын жаңғыртушы азамат. Жас кәсіпкердің қолөнер шеберлігін дамыту мен дара із қалдыру жолындағы еңбегі жайлы сыр сұхбатқа назар салыңыз.

– Бала арманның ақиқатқа айналуына ата-анаңыздың ықпалы қандай болды?

– Өте зор! Ата-анам бойымдағы қабілетімді кішкентай кезімнен байқап, өнерге икемдей бастады. Мектеп табалдырығын аттамай жатып, жазуға, сызуға жақын едім. Көбіне анам маған сурет салуға көмектесіп, мен білмейтін бояуды, тастарды әкеліп беретін. Нәтижесінде суретке деген қызығушылығым дамып, бүгінгі күнге жеттім. Бұл күнім бір күнде болған жоқ. Қазір жасым отызда болса, өнерге ынтықтыққаныма 25 жылдың көлемі болды. Яғни 5 жасымнан қолөнермен айналыстым. Уақыт өте келе, оқуға тапсырар сәтте журналистика саласына шақырушы жандар да болды. Бірақ, қолөнерді таңдап, талаптандым.

Негізі бұл саланы арнайы оқудың қажеті жоқ. Тек жақсы ұстазды кезіктірсең болғаны. Ал академиялық білім аламын деушілерге, колледжді аяқтап кәсіби маман болуға да болады. Бастысы қолынан бәрі келетін шебер болсаң болғаны бұл салада.

– Сонда бұл өнер бойыңызда жүре келе пайда болды ма?

Жүре келе емес, қаннан келген қасиет. Өз ата-бабаларым қолөнермен айналыспаған. Олар ел билеуші, тілге шешен би болған. Бұл дарындылық нағашы жұрттан жиенге қан арқылы келген өнер. Өткен заманда байлар зергерлерге үйір-үйір жылқы беріп, түрлі әшекей бұйымдар жасатқан деседі. Сол сияқты түп нағашы атамның ауылы на бір зергер келген екен. Қолының шеберлігіне тамсанып, әдейлеп қыз айттырған. Сондықтан мұны түп нағашыларымнан келген сый деп білемін.

-Мұқалмас мақсатқа жету үшін қандай белестерден астыңыз?

Оқу бітіре салып, осындай шеберхананы ашамын деген сәтте ұстазымның өзі маған сенген жоқ. Себебі жасым жиырманың үшінде ғана. Ұстазым: «Сен оқуды бітіре салып, бұл салада қалай жұмыс істейсің? Кішкене ысылып, тәжірибе жиануың керек.» — деді. Расыменде, мен мектеп бітіріп те, жоғарғы оқу орнын тәмамдап та еш жерде жұмыс істемедім. Бірақ «шеберхана ашамын» деген ойымнан айнымадым. Дейтұрғанмен, бұл кәсіпті ашу барысында басқа салада жұмыс істеп, қаржы жинау керек болды. Жан дүниеме қиындық тудырғаны өзің қалайтын кәсіппен шұғылданбай, «Ғаламат» құрылыс компаниясында жұмыс істегенім. Иә, құрылыстың ішінде де мүсіндеу ісімен айналыссамда, маған жат нәрсе болып көрінді. Себебі қара жұмыс көп. Кейін 2011 жылдан бастап «Дала сазына» ауыстым.

– Қолөнер заттарын қаншалықты жиі экспортқа шығарасыздар. Еліміздегі сұраныс көрсеткіші қандай? Сіздер өндіретін заттадың бағасы қанша?

– Осы уақытқа дейін біздің өнімнің 45 % Қытайға кетті. Яғни Қытайдағы қазақтарға сатылды. Моңғолия, Түркия елдеріне шығарылым 5%-ға жетпейді. Ресей, Астрахан,

Омбыға да ұлттық аспаптарға сұраныс бар. Жалпы қазақтар қайда болса, сатылым да сонда. Елдегі сұраныс та жақсы. Бағасына келер болсақ, домбыра 35 000-нан басталып, 100 000-ға дейін барады.

– Табыс мөлшеріңіз?

 – Кәсіпкер ретінде тапқан табысымыз 6 жылдық компания үшін төмен болып саналады. Ал жеке табысым айына миллион кейде оған да жетпей қалады. Себебі жылдам сатылым айналымына шығып кететін кәсіп емес. Бұл менің сүйікті ісім, қалтамның қаражатын шешіп беретін мәселе. Бүгінгі таңда қаражаты мол түсетін жеке асхана, киім сату сынды салаларға аяқ баспақшымын. Дегенмен, ұлттық танымды дамытатын ұлттық аспаптар жасау кәсібін үзбеймін.

– Өзіңіз ашқан шеберхана жұмысының артықшылығы мен кемшілігі?

– Кемшілігінен бастайын. Турасында ежелден отырықшылық кәсіпке үйренбеген халықпыз. Сондықтан бұл саланы бір жүйеге салып, реттеп жүргізу өте қиын. Көбінде қол жетімсіз қиыншылықтары бар. Мәселен, шикізат дұрыс келмейді, оны өңдеу, кептіруден қиындықта туып жатады. Сондай-ақ, осы 6 жыл ішінде толық автоматтандырылған топ құрылған жоқ. Міне, осыларды кемшілік деуге болады. Жетістігіне келер болсақ, жоғалып бара жатқан қазақ аспаптарын қайта жаңғыртудамыз. «Ұра», «есіп қобыз», «барбыт» атты ұмытылып кеткен аспаптарды П.Чайковский атындағы музыкалық колледж, Қазақ ұлттық консерваториясындағы ұстаздардың көмегімен қайта қалыпқа келтіріп жатырмыз. Айтарлықтай жетістігіміз осы.

– Қазақ қолөнерін әлемдік деңгейге шығару үшін не істеу қажет?

– Бүгінде «Қазақстан шеберлер одағы» бар. Сол одақтың мүшелігіндеміз. Ал бұл одақ «Дүние жүзілік кеңесі» одағының мүшелігінде. Демек, біз бүкіл әлемдік шеберлер одағының ішіндеміз. Мұнда 80-нен елдер қабылданған. Бұл ұйымның арқасында дүние жүзінде болып жатқан жаңалықтар мен жаңа жобаларға қатысып, көзбен көріп, тәжірибе алмасуға мүмкіндік аламыз. Сонымен қатар ЮНЕСКО және әлем деңгейінде түрлі сайыстар ұйымдастырылып, «Сапа» сертификатын табыстайды. Ескере кететін дүние бұл сертификатты Орта Азия бойынша келесі айналымға өткен 5 елге ғана табыстайды. Жеңіске жетсең, еліңнің аты шығады және жасаған құндылығың бүкіл әлемдік шеберлер ұйымының қорына өтеді. Мұның өзі бағындырған үлкен белес. Осындай жарыстарға қатысуға тырысамыз. Қазіргі уақытта өз үйімде 3-4 қабаттан тұратын эксперименталды шеберхана ашудамын. Себебі қолданыстағы шеберханамыз суретшілер одағынан берілген жалдамалы нысан. Мұнда шығын көп және жеке өзімнің меншігімде емес. Өз шеберханам аяқталса, жаңа буын қолөнершілерді тәрбиелеймін. Сондай-ақ, жылдардан жиналған тәжірибеммен бөлісу мақсатында, келешек жастарға арнап «Кәсіпкерге кеңес» деген кітап жазудамын. Білгеніңді өзіңмен ала кеткен күнә. Біз сияқты саны аз халыққа тағылым болатын дүниені көбейту керек. Меніңше, спорт, өнер, қолөнер сала сын дамытамын деген адам үкіметтен ақша күтіп, жан-жаққа жалтақтамау қажет. Керісінше әркім өз ісін өзінше дамытып, еңбектеңгені дұрыс. Мәселен, қыруар қаржы бөлініп жатқан қазақ футболы әлі күнге дейін нәтижеге, жеңіске жеткен жоқ. Ал әлемдік тәжірибеде ешбір мемлекет футболистеріне мұндай қаржы бөлмейді. Демек, біз, дайын асты күтіп отыратын балапанды тәрбиелегеніміз болғаны ма? Менің ойымша, дайын дүниені жарытпаған жандар өмір бақи балапан болып қалатын сияқты. Тіпті, қартайғанда «Бізгеде жақсы зейнетақы беру керек» деп айтатындай. Сондықтан атын шығарамын, дүниені дүр сілкіндіріп, жеңіске жетемін деген жан өз еңбегімен мойындата алады. Мысалы, қазақ баласы, әнші Димаш Құдайбергеннің өзі үлкен үлгі. Бұл азаматтар өз маркетингін жасап, дамытып, ешкімнен ақша алмай-ақ халықтың атын шығаруда. Сондықтан әркім өз ісіне шебер және сапалы дүние қалыптастырса, ел өркениетінің дамуына үлес қосады.

– Сонда сіз ешқандай мемлекеттік қолдауларды пайдаланбадыңыз ба?

– Мен сұрағаным жоқ. Әйтпесе, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасынан қолдаулар бар. Алайда, олардан алған 3-4 миллион теңгені тоқтамай еңбек етіп 1 айда табуға болады. Барлық мәселені жасаған әркетің шешеді.

– Шәкірттеріңіз бар ма?

– Осы күнге дейін алдымнан 60 шәкірт өтті. Енді олардың мені қаншалықты ұстаз тұтанын білмеймін. Дегенмен, олар өздері солай дейді. Болашақта жеке шеберханам бітсе, шәкірт қабылдап, аттарын жазып алып қоятын шығармын. Ал қазір алдыма келіп-кетіп жатқан адамдарды толықтай шәкіртім дей алмаймын.

– Қазақ колөнер кәсіпкерлерінің кемшілігі?

– Ошақ қасынан асып ойлана алмайтынында. Құдыққа түскен құрбақа аспанға қарап, «аспан деген осы екен» дегеннің кейпін кешпеуіміз керек. Шын мәнінде ауқымы өте үлкен мәдениет бар. Біздің қазақта сувенирлік өнер дамымаған. Мойындау керек. Оны «Empire», «Әдемі-ай» кәдесыйларды жасағанның өзінде ұлттық деп айтуға келмейді. Себебі өнімнің сызбасы елімізде жасалғанымен, Қытайда өндіріледі. Қытайда жасалынған затты ұлттық өнім деп айта алмайсың. Бірақ бұл сувенирді қолданысқа шығарып жатқан еліміздегі жалғыз компания болғандықтан мойындауға тура келеді.

– Кәсіп ашқысы келетін жастарға қандай кеңес бересіз?

– Үнемі өзіне сын көзбен қарап, осы салада кәсіп ашқан азаматтарға қарап, жақсы жағын алып, еңбек ету қажет. Жаңалыққа жаны құмар болуы шарт. Күн сайын бір жаңалық үйренбесе, сол күні құр өтті деп есептегені абзал.

– Табысқа жетудің сыры неде?

 – Табандылықта. Ешқашан еріншектікке салынбау қажет. Қашанда әрекет ету және ізденіс деп білемін.

-Сұхбаттасқаныңызға рақмет!

Жанерке Абдуғасырқызы

Коммент қосу

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *